GISMETEO: Погода по г.Усть-Каменогорск

Мәдениет

Шығыс – Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығы
Шығыс Қазақстан Өнер Мұражайы

 

Облыстық тарихи - өлкетану мұражайы

Облыстық тарихи - өлкетану мұражайы – Қазақстандағы ең ежелгі мұражайлардың бірі. Мұражай жергілікті энтузиаст жинақтаушылардың жиған топтамаларының негізінде 1915 жылы ашылды. Ғасырға жуық тарихының барысында мұражай Шығыс Қазақстан өлкесіндегі көне замандардан бастап қазіргі күндерге қатысты табиғат пен жаратылыстық ескерткіштерді жинап сақтаған үлкен қоймаға, ірі ғылыми – зерттеу орталығына айналды.

Мұражай қызметінің бағыттары:

  • Шығыс Қазақстан жеріндегі тарих пен табиғат процестерінің даму барысын зерттеу.
  • Жаратылыс тарихының, материалдық және рухани мәдениет ескерткіштерін жинап сақтау.
  • Өлкенің тарихы мен табиғаты бойынша экспозициялар мен көрмелер дайындау.
  • Өлкетану тақырыбына байланысты ғылыми – ағарту жұмыстарын жүзеге асыру.

Мұражайда 138 690 жәдігер сақталуда. Мұражай қорына жыл сайын мыңға жуық зат келіп түседі. Экспозициялар арқылы 7 000 түпнұсқа жәдігер орналастырылып көрсетуге қойылған. Мұражай жыл ішінде 45 тен астам жаңа көрмелерді тамашалауға ұсынады. Жыл бойында мұражайды 130 000 адам келіп көреді. Мұражай қызметкерлері 1 200 экскурция өткізіліп, дәрістер оқиды.
Мұражай қорларында сақталған топтамалардың тақырыптық және хронологиялық ауқымы барынша кең уақыттық мерзімді қамтиды. Топтамалардың ішінде (60 000 сақтау бірліктен тұратын) археологиялық топтамалар ең көп санды және бірегейі болып есептелді. Археологиялық топтамалар арқылы біздің өлкемізде С. Черников, Ф. Арсланова, С. Ақынжанов, З. Самашев тәрізді танымал археологтардың жетекшілігімен болған барлық археологиялық экспедициялардың материалдары топтастырылып жинақталған. Мәселен, сабының басы жылқы мүсіні түрінде орындалған б.з.д. ХIII ғасырдан жеткен қола қанжар, Зевакино моласынан табылған руникалық жазбалары бар қола айналар ерекше құнды, бірегей археологиялық жәдігерлер болып табылады.
Шығыс Қазақстан өлкесі бойынша жиналған этнографиялық топтамалар өлкемізді мекендеген халықтардың тұрмыс – тіршілігін жан – жақты және нанымды, құжатты түрде көрсетеді.
ХХ ғасырдағы өлке тарихына қатысты фотосуреттік - құжаттамалық топтамалар да мол мағлұматты, деректік мазмұнымен ерекшеленеді. Фотосуреттік – құжаттық топтамаларда өлкенің экономикалық даму барысы туралы материалдар қамтылған, Электр станцияларымен металлургия кәсіпорындары, әлеуметтік сала мен инфрақұрылымдардың дамуы, 1930-50 жылдардағы саяси қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысына қатысқандар, Кеңес Одағының Батырлары, тыл еңбеккерлері жайлы деректік материалдар тақырып ауқымын кең қамтып, нанымды баяндайды.
Жаратылыстық ғылыми – топтамалар сүтқоректілердің 116 түрі, 400 түрлі құстар, ондаған мың омыртқасыз жануарлар мекендеп, өсімдіктердің 3 500 түрі кездесетін, Менделеев кестесінің түгелге жуық металдары бар Шығыс Қазақстан жерінің табиғи байлықтарының ерекшеліктерін сипаттайды. Мұражай қорында осы бөлімге қатысты энтомологиялық, орнитологиялық, зоологиялық, минералогиялық, палеонтологиялық, ботаникалық топтамалар және құстардың, сүтқоректілердің тұлыптары сақталған.
Мұражайда ғылыми – зерттеу жұмыстары бес бағыт бойынша – жаратылыстық – ғылыми, археологиялық, этнографиялық, тарихи, әдеби өлкетану бағыттарын қамти отырып жүргізіледі. Мұражай қызметкерлері 30 ғылыми тақырып бойынша жұмыс істейді. Қайсыбір, іріктелген бөлек тақырыптар халықаралық бағдарламалардың жоспарына енгізілген. «Қазақстан Алтайындағы скиф – сақ мәдениеті» жобасы бойынша жүргізілген ғылыми жұмыстарды 2009 жылы ашылған «Қазақ Алтайындағы ежелгі көшпенділердің мәдениеті» тақырыбындағы экспозиция қорытындылады. Экспозицияға Берел сағанасындағы қорғандардан табылып, жаңғыртудан өткізілген бірегей олжалар алғаш рет қойылып көрсетілді.
«Орталық Азия далаларының мысы мен қалайысы» жобасы бойынша атқарылатын жұмыстарға байланысты Германиядағы Бохум қаласының Рур университеті тау-кен мұражайының директорымен өзара ғылыми қызметтестік туралы шарт жасалды.
Соңғы жылдары БҰҰ «Алтай-Саян экоалқабының Қазақстандық бөлігіндегі биологиялық алуан түрлілікті сақтау және тұрақты түрде дамыту» халықаралық жобасы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Табиғат бөлімінің ғылыми қызметкерлері облыстың айрықша қорғалатын аумақтардың А.Қ.Т.А жобаларын дайындауға қатысып, табиғи ұлттық бақтардың, қорықшалар мен қорықтардың – Марқакөл және Батыс Алтай қорықтары, Катон-Қарағай ұлттық табиғи бағы бойынша атқаралатын ғылыми бағдарламалардың схемаларын дайындауға ат салысуда. Сондай-ақ, «Қар барысының арғалы арқардың ШҚО-да таралуы және оларды сақтау» тәрізді WWF, NABY, БҰҰ ГЭФ, бағдарламасы және Қазақстан экологиясының жаһандану қорының халықаралық жобалық бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді қатысуда.
Мұражай бастау көздерінің негізінде қызметкерлердің академиялық басылымдарда 250 ғылыми және ғылыми-көпшілік мақалалары жарық көрді.
Мұражай жабдықтаған экспозициялар мен көрмелер – ғылыми-зерттеу және жинақтау жұмыстарының нәтижесі болып табылады. Мұражайда 7 экспозиция залы жабдықталып қызмет көрсетуде.

«Қазақстан. Жаңғыру жолы» залы.
Зал материалдары Қазақстан Республикасының саяси жүйесінің және Шығыс Қазақстанның өндірістік қарымының артуын, өлкедегі ірі кәсіпорындардың әлемдік экономикамен үндесе өркендеп дамуын фотосуретті безендірулер арқылы баяндайды.
«Шығыс Қазақстанның табиғаты» залы.
Зал экспозициясы өлкенің зерттелу тарихы мен геологиялық тарихын баяндай отырып Шығыс Қазақстанның жануарлары және өсімдіктері дүниесінің, ландшафтарының алуан түрлілігі жайлы мол мағлұматты түсінік береді.
«Шығыс Қазақстанның археологиясы. Шығыс Қазақстан халқының көркем қолданбалы өнері залы».
Залда тамашалауға қойылған топтамалар өлкені жайлаған адамзат тіршілігінің барлық кезеңдерін көне замандардан орта ғасырларға дейін барынша толыққанды көрсетеді. Халықтың сәндік көркем өнерін ағаш, киіз және тері, зергерлік бұйымдар, ХІХ ғасырдың соңғы кезінде жергілікті шеберлер дайындаған киімдер арқылы тамашалауға болады.
«Қазақ Алтайы ежелгі көшпенділерінің мәдениеті» залы.
Зал экспозициясы б.д.д ІV-ІІІ ғғ. Берел қорғандарынан табылған олжалармен таныстырады. Скифтік-сақ үрдісінде орындалған, алтын, қалайы қақтама жұқалтырмен қапталған, қызыл-қошқыл сары минералды бояумен боялған ағаш, тері, киіз бұйымдар таңғажайып әсемдігімен, тамаша үйлесімдігімен көздің жауын алады.
«Өскемен қаласының ХVІІІ-ХХғғ. тарихы» залы.
Зал экспозициясы қалыптасу, дамып-өркендеу барысы жайлы нақты деректемелердің негізінде әңгімелейді. Экспозицияның басым бөлігі Өскемен бекінісі негізінің қалануына, қаладағы құрылыстарға арналса, ал қорытынды бөлімі қала тарихының 1918-1990 жылдарын қамтитын кезеңіне арналған.
«Шығыс Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында» залы.
Зал экспозициясы шығысқазақстандықтардың майдан далаларындағы көзсіз ерліктері мен тылдағылардың жанкешті еңбектері туралы әңгімелейды.
Мұражайдың көрме залында өлке тарихының мереймерзімдік және айтулы оқиғаларына қатысты топтамалары қойылған.
Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған мемориалдық ауданда мұражайдың «Зерде кітабы» бөлімі жұмыс істейді.
Мұражайдың білім бағдарламасы өлкетану тақырыбы бойынша шолулық және тақырыптық экскурсиялар, дәрістер, көшпелі көрмелер арқылы жүзеге асырылады.
Ғылыми-ағарту жұмыстарының жаңа түрлері мұражай атқаратын қызметтер аясына тиімділікпен енгізілуде. Әсіресе «Мұражайдағы демалыстар», «Өлкетану бойынша білім күндері», тарихи және экологиялық байқаулар көпшіліктің көңілінен шығуда. Шығыс Қазақстанның атақты адамдары туралы «Қазақстан-Өскемен» телеарнасымен бірлесіп «Танымал тарихи тұлғалар», «Қала бойымен сейілдегенде» айдарымен бірқатар деректі фильмдер түсірілді.
ШҚ Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы облыс көлеміндегі өлкетану мұражайларымен қызметтес бола отырып, кәсіпорындар мен мекемелердің мұражайларына әдістемелік көмек көрсетеді.

Мұражай жетекшісі туралы мағлұматтар.

Мұражай директоры Төлеген Өтейханұлы Дүсүпов 1967 жылдың
17 ақпанында Шығыс Қазақстан облысы Катон-Қарағай ауданының Майемер ауылында дүниеге келді.
1993 жылы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірді. 1993 жылдан 2000 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысының Әкімі аппаратында қызмет істейді, 2000 жылы облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары болып тағайындалды.
2002 жылдан бастап облыстық тарихи - өлкетану мұражайының директоры болып қызмет атқарады.
Мұражай директоры ретінде Төлеген Өтейханұлы Дүсүпов мұражайдың ғылыми зерттеу жұмыстарын мақсатты түрде ұйымдастыруды жолға қойды, нәтижесінде ҚР Ғылым Академиясының (археологиялық зоологиялық және т.б) институттарымен және Германиядағы Бохум қаласының Рур униветситетінің тау-кен мұражайымен өзара ғылыми қызметтестік туралы шарт жасалды. Шарт негізінде жүргізілген халықаралық археологиялық және зерттеу экспедиция жұмыстарына директордың өзі бастаған мұражай қызметкерлерінің қатысуына қол жеткізілді.
Төлеген Өтейханұлы  мұражай қызметкерлерімен бірге WWF, NABY, БҰҰ және Қазақстан экологиясын жаһандандыру қоры, ГЭФ, т.б. халықаралық табиғат қорғау ұйымдары мен қорларының бағдарламалары мен жобасын жүзеге асыруға қатысады.
Дүсүпов Т.Ө. Қазақстан Республикасының Алғашқы Президентінің мұражайында өткен «Тұлғаның тарихтағы ролі» атты - Халықаралық конференция жұмысына қатысты.
Зайыбы –Алмагүл Дәуітханқызы Дүсүпова, заң ғылымдарының кандидаты, С. Аманжолов атындағы ШҚМУ – нің Конституциялық құқық кафедрасының меңгерушісі.
Балалары – Мирас 1989 ж, Мадияр 1995 ж туған.

Ден қоятын істері:
Ғылыми – көпшілік әдебиеттерді қызығушылық пен оқу, автоәуесқой.
Мұражайдың мекенжайы:
070004
ШҚО, Өскемен қаласы, Қасым  Қайсенов көшесі, 40.
Телефон: (7232) 25-54-60